ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАР ТИІМДІЛІГІНІҢ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША КӨШ БАСТАП ТҰР
Индустриялық жобаларды іске асыруға инвестиция тарту бойынша өңір республика бойынша рейтингте көш бастап тұр, сондай-ақ, индустриялық аймақтар (ИА) мен орналастырылған жобалар саны бойынша екінші орында.
Мәселен, индустриялдық аймақтарда жобаларды іске асыруға 65,2 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл - республика бойынша ең үздік көрсеткіш.
Облыста 6 индустриялық аймақ құрылды. Онда жалпы сомасы 192 млрд.теңгеге 48 жоба жүзеге асырылады.
Атап өту қажет, барлық индустриялық аймақтардың инфрақұрылымына 6,7 млрд. теңге бюджет қаражаты жұмсалып, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 бюджеттік теңгеге 13,4 теңге қайтарымды жеке инвестиция тартылды. 
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде 500-ден астам жұмыс орнын қамтитын 16 жоба іске қосылған. Олардың қатарында өткен жылы желтоқсан айында мерзімінен бұрын іске қосылған ірі жоба – тампонажды цемент шығару зауыты бар. Кәсіпорын ағымдағы жылдың сәуір айында 10 мыңға жуық тонна сынама цемент өндірді. Жыл соңына дейін 500 мың тонна өнім өндіріп, жобалық қуаттылықты 50%-ға игеруді жоспарлауда. Қазіргі таңда кәсіпорында 250 адам жұмыспен қамтылып отыр. 
Бүгін ҚР Үкіметі отырысында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту мәселелері қаралып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика министрліктерінің, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ мен облыс әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында Қызылорда облысының индустриялық аймақтарды дамыту бойынша оң тәжірибесі атап өтілді.

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика